Ақтөбе облысында балалардың судағы қауіпсіздігі сақталып жатыр ма?

19 Шілде 2024, 21:09
520
Бөлісу:
Ақтөбе облысында балалардың судағы қауіпсіздігі сақталып жатыр ма?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында шомылу маусымы басталғалы екі бала суға кетіп көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен білім басқармасы балалардың судағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.

Облыстық департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан

Жанболат Төлепбергеновтің айтуынша, биыл өңірде 6 адам суға кетіп, көз жұмған. Оның ішінде екеуі — жасөспірім.

Осындай оқыс оқиғаларды болдырмау үшін рейдтік шаралар өткізіп жатырмыз. Бұл іс-шараларға 135 қызметкер жұмылдырылуда. Бүгінге дейін 5100-ден астам рейд жүргізіліп, оған жалпы саны 17 926 адам қатысты. Сондай-ақ судағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында тұрғындарға 22 361 жадынама таратылып, ережені сақтамағаны үшін 358 адамға айыппұл салынды, — дейді капитан.

Оның айтуынша, бүгінге дейін облыста судағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша үгіт-насихат шараларын ұйымдастыруда 215 сюжет көрсетіліп, 17 232 оқушыға интерактивті ашық сабақтар өткізілген. 

Сондай-ақ жазғы лагерьлерге 57 модульді-каркасты бассейн сатып алынып, орнатылған.

Бүгінге дейін облыста Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 412-бабына сәйкес

29 адамға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

Облыстық білім басқармасы жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сәуір-мамыр айларында төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп, «Шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелері», «Жазғы кезеңде судағы мінез-құлық» атты оқытулар ұйымдастырды. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша онлайн сабақтар өткізіліп, барлығы 167 219 бала қамтылды, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Аяжан Тажебаева.

Өзгелердің жаңалығы