Ақтөбе облысында азық-түлік бағасы өсті ме?

29 Сәуір 2023, 19:20
1064
Бөлісу:
Ақтөбе облысында азық-түлік бағасы өсті ме?
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі 2,7 пайызды құрап отыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, еліміздің бас өңірлерімен салыстырғанда бұл - ең төменгі көрсеткіш.

Биыл әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың ішінен айналым схемасы бойынша жұмыртқа мен сұйық майдың бағасы арзандады. Ал облыстағы тұрақтандыру қоры арқылы сауда орындарына шығарылған көкөніс түрлерінің бағасы былтырғыдай емес, біршама түсті, сапасы да жаман емес. Жалпы өңірде азық-түлік бағасының бағасы қазір тұрақты, - дейді ол.

Елімізде 12 сәуірден бастап жанар-жағармайдың бағасы қымбаттағаны белгілі. Осы орайда көпшіліктің көкейінде «азық-түліктің де бағасы өсе ме?» деген қауіп болды. Бұл сауалға басқарма басшысы былай деп жауап берді:

12 сәуірден бастап заңға сәйкес кәсіпкерлер мен жанармай бекеттерінің басшыларының бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге толық құқығы бар. Облыстағы үш жанармай бекеті, атап айтсақ, «Sinoil», «Compass», «Гелиос» бекеттері бағаны көтерді. Қазір бұл бекеттерде дизель отынының бір литрі 295 теңгеден, «АИ-92» маркалы бензиннің бір литрі 195 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы облыста «АИ-92» маркалы бензиннің шекті бағасы - 205 теңге. Ал жергілікті «ҚазақОйл», «Лидер», «Батыс жер» жанармай бекеттері бағаны көтерген жоқ, олардың әлі өткен айдан қалған қоры бар. Жанармайдың бағасы өсуіне орай біз облыстағы сауда желілері мен базарлардағы азық-түлік бағасына мониторинг жасап жатырмыз, - деді басқарма басшысы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары осы айда өңірдегі тауар өндірушілермен кездесу өткізіп, бағаны асыра көтермеу туралы талап қойды. 

Жалпы өндірушілер тауарлардың бағасын оларды өзге өңірлерден әкелуге жұмсайтын жанармайдың көлемі мен кеткен шығынына қарай көтереді. Қазір негізсіз баға өсімі тіркелсе, оны Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаменті бақылап отырады. Өсім анықталса, заң аясында нақты шаралар қабылдайды, - деді ол.

Ақтөбе облысында азық-түлік бағасы өсті ме?

Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, заңға сәйкес облыс орталығындағы «Дина», «Анвар» сауда желілері азық-түлік бағасына 15 пайыз ғана үстеме қоса алады. Қазір бұл сауда желілері әлеуметтік жауапкершілік аясында жүргізілген келісімге сәйкес тауарларға 5 пайыз, әрі дегенде 8 пайыз ғана үстеме қосып отыр.

Былтыр Ақтөбе облысында қант тапшылығы болып, бағасы шарықтап, тұрғындар біраз әбігерге түскен-ді. Биыл қанттың бағасы біршама түсті. Қазір «Дина», «Анвар» сауда желілерінде бір келі қант 399 теңгеден сатылып жатыр. Қоры да жеткілікті. Алайда жаз айларында тапшылық болуы мүмкін.

Қазір барлық сауда орындарында қант қоры бар. Біз Ақсу қант зауытымен келісімшарт жасастық. Биыл облысымызға осы кәсіпорыннан жеткілікті мөлшерде қант «келеді». Ал бағасына келсек, бағаның өсуі немесе арзандауы сұраныс пен нарыққа байланысты. Жалпы бүгінде елімізде қант өндіретін төрт зауыт бар, — дейді басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы