Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте таза ауыз сумен жабдықтау мәселесі 2025 жылы толық шешілетініне сендірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл 2 мыңнан астам тұрғыны бар 7 ауылды сумен қамтамасыз еттік. Келесі жылы 5,5 мыңнан астам халқы бар 11 ауылға ауыз су жүргізіп, таза ауыз сумен жабдықтау мәселесін толықтай шешеміз, - деді Шахаров.
Ол ауылдарды одан әрі газбен қамтамасыз ету міндеті өзекті болып қала беретінін жеткізді.
Биыл 2 мыңға жуық халқы бар 5 ауылды газдандыруды аяқтап, қамтамасыз ету үлесін 95,7%-ға дейін жеткіздік. 2025 жылы 9,8 мың халқы бар 24 ауылды газдандыру арқылы газбен қамту деңгейін 96,8%-ға дейін жеткізу межесі тұр, - деді әкім.
Сонымен қатар, өңірде қолданыстағы магистральдық газ құбырларының жүктемесі мәселесін шешу үшін “Бұхара-Орал” газ құбырының үшінші желісін салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл алдағы 50 жылда облыс орталығындағы газ тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Ақтөбе облысына 764 млрд теңге инвестиция тартылғаны туралы осыған дейін жаздық.