Ақтөбе облысында ауылдарды су басып жатыр

26 Наурыз 2024, 17:19
773
Бөлісу:
Ақтөбе облысында ауылдарды су басып жатыр
VIDEO
Фото: автордан

Ақтөбе облысында бірқатар ауыл суға кетіп, жолдарды қар суы шайып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгінде Ақтөбе облысы Темір ауданында жағдай күрделі. Аудан орталығында қар суы еріп, 25 үйдің ауласын су басқан, тағы бес үйге су кірген. 

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараевтың айтуынша, қазір бұл ауданда су тасқынына қарсы жедел штабты ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісовтің өзі басқарып отыр. 

Қазір жағдай жіті бақылауда. Су тасқынының алдын алуда әскери бөлімдерден қосымша 54 адам мен 6 техника жіберіліп, дамбаларды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Зардап шеккен тұрғындар жоқ, - дейді Молдақараев. 

Сондай-ақ қазір Байғанин, Ойыл аудандарында да жағдай ойдағыдай емес. Бұл екі аудандағы бірқатар ауылға су жайылған, жолдар мен көпірлерді су шайып кеткен. 

Бүгін түстен кейін Темір ауданына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров кетті. Ол өз көзімен елдегі жағдайда көріп қайтпақ. БАҚ өкілдеріне сұхбат берген өңір басшысы жалпы облыста ахуал қалыпты екенін жеткізді. 

Жағдай күрделі болса, үш мың адам дайын тұр. Қазір облыста қауіпті жағдай тіркелмеді. Өзім бүгін Темір ауданына барып, жағдайды бақылаймын. Ол жерде Төтенше жағдайлар министрі орынбасарымен бірге жұмыс істейміз. Министрліктің шешімімен құтқару жасағы әкелінді. Дегенмен облысымызға аса қажеттілік жоқ. Бүгінде облыста Әйтеке би, Темір, Байғанин, Мұғалжар аудандарында су басу қаупі бар. «Қазгидромет» бізге үш сағат сайын ақпарат беріп отыр, сол бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол биыл өңірде су тасқынына қарсы 1,1 млрд теңгеге 17 жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. 

Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы