Ақтөбе облысының Шалқар аудандық соты аудан әкімінің орынбасары Б. Зайрымбет пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы А. Беркімбаевқа қатысты үкім шығарды. Екеуі де пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2023 жылғы 27 желтоқсанда лауазымды тұлғалар бірігіп, коммерциялық ұйым басшысынан 2,3 миллион теңге пара алған. Бұл қаражат мемлекеттік сатып алу аясында атқарылған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою, төлем жүргізу және жалпы қамқорлық көрсету үшін берілген.
Сот үкімі бойынша, Б. Зайрымбет пен А. Беркімбаев өмір бойы мемлекеттік қызметте, судья немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыс істеу құқығынан да айырылды.
Алайда үкім заңды күшіне енген жоқ. Конституция мен Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, соттың үкімі заңды күшіне енбейінше, әр азамат кінәсіз деп есептеледі.