Ақтөбе облысында алимент төлеуден жалтарып жүрген 538 борышкер жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Борышкерлердің ішінде 389-ы қамауға алынса, 149-ы әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеген.
Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша алимент төлемдерінің саны 8445 болса, оның 6469-і борышкердің жалақысынан ұсталады. Ал 1976 адам алимент төлеуден жалтарып жүр. Биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыста 281 борышкер жұмысқа орналастырылып, 74 борышкер жұмыссыз ретінде тіркелді. Ал биылғы шілдедегі қаулыға сәйкес, бүгінде облыстағы борышкерлердің алимент бойынша берешек мөлшері 7 779 500 теңгеге жетті, - дейді Ақтөбе облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы А.Кравчук.
Оның айтуынша, жуырда баласына алимент төлемей жалтарған ақтөбелік борышкер әке жауапқа тартылыпты. Әлгі борышкер әке Ақтөбе қаласында тұрып, сот бекіткен кәмелет жасқа толмаған балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін орындамай, үш айдан астам уақыт қашып жүрген. Ол 2022 жылғы ақпан мен 2023 жылғы желтоқсан аралығында жеке сот орындаушысы А.Кравчуктан Ақтөбе қаласындағы «Карьера» орталығына жұмысқа тұру үшін бірнеше рет жолдама алған, алайда ұсынылған жұмысқа келіспей, әр жерде жалдамалы жұмысшы ретінде табыс тауып, сот актісі бойынша алимент төлеу жөніндегі міндеттерін орындамаған.
Аталған борышкер ҚР Қылмыстық Кодексінiң 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді, - дейді А.Кравчук.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында бұған дейін бірнеше борышкер соттың талабын орындамағаны үшін бас бостандығынан шектелген еді.