Жыл басынан бері Ақтөбе облысында АИТВ инфекциясының 59 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспирова айтып берді.
Оның айтуынша, ауру жұқтырғандардың ішінде 57-сі - ел азаматтары. Атап айтсақ, 47-сі ер адам болса, 10-ы - әйел. Олардың дені инфекцияны жыныстық жолмен, ал бір науқас есірткі қолданған кезде шприц арқылы жұқтырған.
Бүгінде облысымызда АИТВ инфекциясының алдын алуда профилактикалық жобаларды іске асыратын 6 үкіметтік емес ұйым бар. Солардың арқасында облыста АИТВ мәртебесін білетіндер саны артып келеді. Мәселен, биылғы 10 айда профилактикалық іс-шаралар аясында 4500-ден астам адам қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 210 адамды профилактикалық жұмыстармен және АИТВ-ға тестілеумен қамту жоспарлануда, - дейді Анна Каспирова.
Жыл сайын елімізде 1 желтоқсанда дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні атап өтіледі. Осы орайда биыл Ақтөбе облысында «Дұрыс жолды – адам құқықтары жолын таңдаңыз» атты іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Орталық мамандарының айтуынша, бұл күні өңірде мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған қала тұрғындары мен жастар қатысады.
2018 жылы облыста АИТВ-ға тест тапсыру көрсеткіші 18 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 24 пайызға жетіп отыр. Биыл облыстың әрбір 5-ші тұрғыны АИТВ-ға тест тапсырды. Бір қуанарлығы, жыл басынан бері облыста жүкті әйелдер арасынан АИТВ инфекциясы анықталған жоқ. Соңғы жылдары АИТВ-дың жыныстық жолмен жұғу қаупі өскендіктен, жүкті әйелдердің жұбайлары инфекцияға қарсы тексеруден өтуде. Биыл жүкті әйелдердің 96 пайызының зайыбы тест тапсырды. Нәтижесінде 5 адамнан оң нәтиже анықталды, - дейді Анна Каспирова.