Ақтөбе облысында адам папиллома вирусына қарсы 4470 қыз балаға екпе салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, жатыр мойны обырының қоздырғышы - адам папиллома вирусы. Сондықтан осы вирусқа қарсы вакцинация жүргізу Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген.
Қазақстан Республикасында халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультациялық тобының ұсынымдарын ескере отырып, елімізде 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізу өткен жылдың күз айларына жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша 8245 қыз балаға аталған вирусқа қарсы вакцина салу жоспарланды. Бүгінде 8245 қыз баланың 4470-і екпе салдырды, - дейді ол.
Оның айтуынша, адам папиллома вирусы тұрмыстық байланыс арқылы, яғни қол алысу, терінің зақымдануы, сондай-ақ монша, спорт зал, дәретхана мен бассейнге барған кезде жұғуы мүмкін. Бұдан бөлек, вирус жыныстық қатынас пен әйел адамның бала босануы кезінде беріледі.
Бүгінде елімізде жатыр мойны обырымен 1900-ге жуық адам тіркеледі. Ал жыл сайын 600 әйел осы патологиядан көз жұмады. Сондықтан бұл аурудың алдын алу өте маңызды.
Қазір ел арасында екпе алуға байланысты әр түрлі пікір айтылып жатыр. Дегенмен жатыр мойны обырының алдын алудағы тиімді әдіс – вакцинация. Сондықтан ата-аналарға айтарым, аурудың алдын алу үшін қыз балаларыңызға екпе салдырыңыздар, -дейді Райхан Қойшанова.
Айта кету керек, адам папиллома вирусына қарсы екпе бұлшықет ішіне енгізіледі, ол араға 6 ай салынып, екі рет жүргізіледі.
Данагүл ҚАЗИХАН.