Ақтөбе облысында 37,8 млрд теңгеге жол салынады

28 Қыркүйек 2022, 09:27
1505
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 37,8 млрд теңгеге жол салынады
PHOTO
Фото: автордан

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында автокөлік жолдарын салу және жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін өңірде жалпы құны 37,8 млрд теңгеге 211 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, бүгінде өңірде 6309,2 шақырым автокөлік жолы бар. Оның 1868,9 шақырымы республикалық деңгейдегі жолдар болса, 4 440,3 шақырымы - жергілікті деңгейдегі жолдар. 

Биыл бюджеттен бөлінген қаржыға 634,5 шақырым автокөлік жолын жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 71 шақырымы облыстық деңгейдегі жолдар болса, 377,0 шақырымы - аудандық, ал 186,5 шақырымы - қала мен аудандардағы көше жолдары. 

Ақтөбе облысында 37,8 млрд теңгеге жол салынады

Мәселен, жыл соңына дейін облыста бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында Ақтөбе қаласының батыс айналма жолының құрылысы,  Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск автожолының 7-17 және 45-75 шақырымындағы учаскелерін қайта жаңарту жұмыстары, Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі автожолының 78-84 шақырымындағы учаскесін қайта жаңарту және 0-78 және 84-111 шақырымындағы учаскелерге, Ақтөбе-Родниковка-Мартөк автокөлік жолының 5-42 шақырымындағы учаскесіне, Шалқар-Бозой-Өзбекстан Республикасының шекарасы автожолының 80-95 шақырымы учаскесіне,  Ойыл-Қараой автокөлік жолының 0-45 және 60-75 шақырымына, сондай-ақ Шұбарши ауылына кіретін жолдарды орташа жөндеу жұмыстары кіреді. Бұл жобаларды жүзеге асыру Ақтөбе облысын Батыс Қазақстан және Атырау облысымен біріктіруге мүмкіндік береді, - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл жүзеге асырылған жобалардың нәтижесінде келер жылы облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының үлесі 72 пайызға жетеді. Ал биыл бұл бағыттағы көрсеткіш – 66,7 пайыз.

Ақтөбе облысында 37,8 млрд теңгеге жол салынады

Қазіргі таңда өңірде салынып жатқан жолдардың барлығы облыс әкімдігінің тікелей бақылауында тұр. Біз «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақтөбе облыстық филиалымен қызмет сапасын бақылау бойынша келісімшарт жасадық. Бұл мақсатқа бюджеттен 181,7 миллион теңге бөлінді, - дейді Айбек Қайыр.

Айта кету керек, осы аптада ғана ақтөбеліктердің сынына «ұшыраған» Елек өзені үстімен өтетін көпір жөнделді. Дегенмен мердігер ұйым өкілдері жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендігін айтады. Себебі көпір 2-3 күнге ғана жабылған болатын. Келер жылы бұл көпір толығымен күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ қазір қала аумағында бірқатар көшелер де жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстарының дені күн суытқанша аяқталуы тиіс.

Ақтөбенің жолдарының «жыры» таусылар емес. Неше жылдан бері шұрық-тесік жолдармен жүріп шаршадық. Жуырда орталық көше жолдарындағы бірқатар ой-шұңқыры бар аумақтар жөнделді. Енді жаңадан келген облыс әкімі жолдарды жоғары деңгейде жөндеуге атсалысады деп ойлаймыз. Өзім көп жылдан бері такси жүргізушісі болып қызмет етемін. Қала орталығынан шеткі ауылдарға тұрғындарды тасимын. Жолдың жаман болғаны бізге де, көлігімізге де қиын. Әсіресе, көктем, күз айларында жауын-шашын кезінде азап көреміз, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Азамат Мәлікұлы.   

Өзгелердің жаңалығы