Ақтөбе облысында апаттық тұрғын үй кезегінде 216 отбасы тіркеліп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарова айтып берді.
Оның айтуынша, қазір Ақтөбе қаласында көшіруді талап ететін 32 апатты көппәтерлі тұрғын үйде 659 отбасы тұрып жатыр. Алдағы уақытта бұл отбасылар жаңа үйге қоныстанады.
Ақтөбе қаласы әкімдігінің қаулысы шеңберінде апатты деп танылған үйлер бұзылады. Биыл реновация тетігі арқылы «2029 жылға дейін апатты тұрғын үйлерді бұзу арқылы меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамту жөніндегі» жол картасы бекітілді. Соның аясында инвесторларды тарту есебінен 6 үй немесе 93 пәтер тұрғындарға қолданысқа беріледі. Мәселен, биыл «Стройстандарт-222» компаниясы Чекалин көшесіндегі 5 көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары үшін жаңа үйлер салу бойынша меморандумға қол қойды. Қазіргі уақытта Қызылжар елді мекенінде жер телімі бөлініп, шұңқыр қазу, іргетас блоктарын жеткізу жұмыстары басталды. Сондай-ақ Тілеу батыр көшесіндегі апатты жағдайдағы 35 пәтерлі үй бұзылып, орнына 5 қабатты үй салынады, — дейді ол.
Оның айтуынша, қалған апатты 26 көппәтерлі үйдің көпшілігі қаланың орталығында орналаспағандықтан, бұл үйлерге әзірге жеке инвесторлар қызығушылық танытпай отыр. Ал бұл үйлердің тұрғындарын көшіру үшін 5,9 млрд. теңге қаржы қажет.
Ақтөбе қаласында тұрғын үй кезегінде 36,4 мың адам тұр. Олардың қатарында апатты үйлерде тұрып жатқандар бар. Олардың кезегі келгенше апатты жағдайдағы үйлер қирауы мүмкін. Ал бұл адам шығынына әкеледі. Сондықтан аталған 26 үйді кезең-кезеңмен реквизициялауды қарастырып жатырмыз, — дейді Н.Ізбасарова.