Ақтөбе облысында 12 адам суға кетіп, көз жұмды

2 Қыркүйек 2024, 10:50
420
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 12 адам суға кетіп, көз жұмды
Фото: BAQ.KZ - архив

Шомылу маусымы басталғалы Ақтөбе облысында 12 адам суға кетіп, көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсыновтың айтуынша, суға кеткендердің алтауы — бала. Олардың суға кетуінің басты себебі — тыйым салынған жерлерде суға шомылуы.

Биыл өңірде 7 адам тыйым салынған жерде шомылып, соның салдарынан көз жұмса, 4 бала үлкендердің қарауынсыз қалуынан суға батып кеткен. Ал бір адам өз күшін бағаламауынан абайсызда суға кетіп қалды. Біз мамыр айынан бастап облыста түсіндіру, алдын алу шараларын жүргіздік. Мәселен, жазғы кезеңде қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін облыстың су айдындарында 403 адамның қатысуымен рейд жұмыстары өткізілді. Оның ішінде департамент мамандары, полиция қызметкерлері, еріктілер мен белсенділер бар, — дейді Иса Байтұрсынов.

Оның айтуынша, биыл облыста 60 демалыс орны жұмыс істеген. Оның ішінде 23-і - Ақтөбе қаласында, 37-сі аудандарда орналасқан.

Биыл облыстық цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп қаладағы өзен аумағына 33 бақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 9 камера орнатылды. Сондай-ақ бүгінге дейін облыс бойынша 9 мыңға жуық рейд ұйымдастырылып, оларға жалпы саны 28 мың адам қатысты. Олардың ішінде заң бұзғандарға тиісті шаралар қолданылды. Атап айтсақ, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған 634 адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 364-бабы бойынша ескерту берілсе,120-ға жуық адамға айыппұл салынды. Ал осы Кодекстің 440-бабы бойынша 504 тұрғынға 5 759 520 теңге көлемінде айыппұл салынса, 1256 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы