Ақтөбе облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

16 Тамыз 2022, 13:02
1952
Бөлісу:
Ақтөбе облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?
PHOTO
Фото: автордан

Жаңа оқу жылының басталуына екі апта ғана уақыт қалды. Сондықтан қазір қай сауда орнына барсаңыз да сөмке мен дәптер арқалаған балаларды көресіз, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

 Биыл оқу құралдары мен оқушылардың мектеп формаларының бағасы қандай? Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаражат керек? Біз осыны бағамдап көрген едік...

Қазір Ақтөбе қаласындағы Орталық базарда сауда қызып тұр. Мұнда балаларын жетектеген ата-аналарды көп кездестіресіз. Бәрінің мақсаты ортақ: балаларын мектепке дайындау.

Ақтөбе облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

Бес баланың анасы Ақзира Елдесова Орталық базарға үш баласына киім-кешек, оқу құралдарын алуға келіпті. Қасындағы балаларының үлкені биыл 7-сыныпқа барса, екіншісі 3-сыныпқа, ал кішкентайы дайындық сыныбына барады екен.

Бір қызым тұрмыста, бір қызым қазір жоғары оқу орнында оқып жатыр. Одан кейінгі бір ұл, екі қызымды ертіп, міне, оқу құралдарын алуға келіп тұрмын. Сөрелерді аралап, бағаларды қарап шыққанмын, мектеп формалары да, оқу құралдары да былтырғыдан әлдеқайда қымбат. Шамамен бір балаға 100 мың теңге керек екен. Онда да тек қыркүйек айына қажет құралдарды санағанда осындай қаржы керек. Әрі қарай тоқсандар жалғасып жатыр, — дейді ол.

Біз көп балалы анамен ілесіп, Орталық базардағы мектеп формаларын сататын дүңгіршекке келдік. Бағасын сұрап едік, мұнда дайындық немесе 1-сыныпқа баратын ер балаға арналған костюм-шалбар 9-10 мың теңге тұрады екен. Ал қыздарға арналған сарафандар мен юбкалардың бағасы 5-6 мың теңгеден басталады. Ақ блузкалар 4 мың, ақ туфлилер 10 мың теңге болса, бантиктер мен галстуктердің орташа бағасы — 1000 теңге.

 Тамыз басталғалы сауда қызып жатыр. Қандай оқу құралы қажет, бізден бәрін таба аласыз. Оқу құралдарының да, мектеп формаларының да түр-түрі бар. Бағасы былтырғыдан сәл қымбаттады. Мәселен, 1-сыныпқа баратын оқушының аяқ киімінің бағасы былтыр 6-7 мың теңге болса, биыл — он мың теңге. Енді санай беріңіз, бір баланы түгел киіндіру үшін 60-70 мың теңге керек. Мектеп формасынан бөлек, спорттық киімі мен аяқ киімі, галстугі (бантигі), басқа да ұсақ-түйегі бар. Ал оқу құралдарына кем дегенде 20-25 мың теңге қажет, — дейді сатушы Айжан Құлмағанбетова.

Шынымен де оқу құралдарының бағасы бір қарағанда ұсақ-түйек көрінгенімен, оған да біраз қаржы керек екен. Мысалы, дайындық сыныбына баратын оқушының сөмкесі 5 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты — 15 мың теңге. Сатушы биыл бағаның 1000-2000 теңгеге қымбаттағанын айтады. Ал 12 беттік бір дәптердің құны 35 теңге болса, қаламның ең арзаны — 45 теңге. Қаламсап жинағының ең арзаны 300 теңге болса, түрлі-түсті қағаздың орташа бағасы — 450 теңге. Сызғыш —100, өшіргіш — 120, сурет альбомы — 430, түрлі-түсті қарындаш — 400, күнделік — 550 теңге тұрады. 

Біз сондай-ақ облыс орталығындағы тұрғындар көп баратын «Анвар» сауда желісіне де бардық. Бұл жерде Орталық базардағыдай көп адам жоқ. Дегенмен оқу құралдарын таңдап алып жатқан бірлі-жарым балаларды байқадық. Бұл жерде 12 беттік бір дәптердің бағасы — 40 теңге. 48 беттік қалың дәптер — 155, 48 беттік пәндік дәптер — 169, күнделік — 559, түрлі-түсті қағаз — 359, сурет салуға арналған ең арзан альбом — 229,  түрлі-түсті қарындаш — 459, қаламсап жинағы 699 теңге тұрады. Ер балалардың ақ жейдесі 3499 теңге болса, ең арзан сөмкенің бағасы — 6799 теңге. 

Ақтөбе облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

 «Анвар» сауда желісінде қажет оқу құралдарының бәрі бар. Бұл сауда орнының басқалардан артықшылығы жұмыстан шыққан соң асықпай келіп, сауда жасауға болады. Ал басқа сауда орындары кешкі сағат 18.00-де жабылып қалады. Биыл оқу құралдарының бағасы шарықтап тұр екен. Мәселен, бұл жерде қаламның ең арзаны — 149 теңге. Әрине, таңдау көп, дегенмен көп баласы бар отбасыларға бұл қиындау. Менің биыл екі немерем мектепке барады. Қазір оларға оқу құралдарын осы жерден алып жатырмыз. Ал киім-кешекті Орталық базардан, болмаса, «Керуен Сити» сауда орнынан сатып аламыз, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ләйлә Сейтімбет.   

Сонымен бағаларды көргеніміздей, бір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін кем дегенде 100 мың теңге қаржы қажет екенін түсіндік. Бұл қаржыға оқулықтар мен үйірмелерге қажет құралдар кірмейді.

Биыл елімізде оқушыларға оқулықтар тегін берілетіндігі айтылды. Мәселен, Ақтөбе облысында мектептерді оқулықтармен түгел қамтуға облыстық бюджеттен 1,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. 1 қыркүйекке дейін облыстағы барлық сыныптың оқушыларына оқулықтар таратылып беріледі. Бұл туралы бұған дейін Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан айтып берген болатын.

Қазіргі таңда балаларды мектепке дайындау аясында Ақтөбе облысында «Мектепке жол» дәстүрлі жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы басталды.

 Биыл «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы «Мектепке жол — Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтеді. Бұл шараның мақсаты – аз қамтылған отбасылардан шыққан,  жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау, оларға көмек көрсету. Биыл осы акцияны ұйымдастыру және сапалы өткізу мақсатында облыс әкімі орынбасарының бекітуімен облыстық ұйымдастыру штабы құрылып, жоспар бекітілді. Жоспар барлық аудандық және Ақтөбе қалалық әкімдігіне, сондай-ақ тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданды.

Бүгінгі күні барлық аудандар мен Ақтөбе қаласының білім беру ұйымындарында көмекке мұқтаж отбасылардың балаларының тізімі жасақталып (13573 бала), әлеуметтік тұрмыстық жағдайы зерделенді. Нәтижесінде аудандық және қалалық білім бөлімдерінде көмекке мұқтаж отбасы балаларының орталықтандырылған деректер базасы қалыптастырылды, — дейді басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. 

Оның айтуынша, биыл жыл басынан акция аясында облыста 3851 балаға 28 024,5 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілген. Акцияда «Қызыл Ай» қоғамы Ақтөбе облыстық филиалы,«Казхром» ТҰҚ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «Шаңырақ» қоғамдық қоры, т.б. белгілі ұйымдар атсалысқан.

Бүгінде облыстық білім басқармасының сенім телефонына материалдық көмек алу бойынша 50 қоңырау түсті, барлық абонентке толық ақпарат берілді. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ, шалғайдағы елді мекендер тұрғындарына мектеп тауарларын төмен бағамен сатып алуға жергілікті кәсіпкерлерді кең ауқымды тарта отырып, мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. Бұл ауыл халқының жол шығындарын үнемдей отырып, қажет тауарларын сатып алуына мүмкіндік береді.

Биыл облыс бойынша ақшалай көмекті халықтың әлеуметтік осал топтарындағы 13 573 бала алады. Бөлінген қаражат арнайы қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ата-аналардың шоттарына аударылады, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы