Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотында электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз әкелу фактісі бойынша Өзбекстан Республикасының азаматына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өзбекстан азаматы К. өткен жылы желтоқсанның 22-сінде Ресейден, Мәскеу қаласынан Өзбекстанға заңсыз өткізу үшін 4550 дана "WAKAsoPro20000" маркалы вейптерді сатып алған. Өзбекстан шекарасынан өте алмаған соң, бұл заттарын Қазақстанға заңсыз кіргізіп, сатпақ болған.
Сотталушы өз кінәсін мойындаған. Бұдан бөлек, оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденген.
Прокурор шетелдікті 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы мен қорғаушысы кінәні толық мойындап, өкінетінін айтып, жеңіл жаза сұрады.
Сот үкімімен К. ҚК-нің 301-1-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді, - деліеген Бейнеу аудандық сотының баспасөз хабарламасында.
2024 жылдың маусым айында вейп пен оған құйылатын сұйықтықты елге әкелуге, сатуға, таратуға, өндіруге тыйым салынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 301-бабының 1-тармағына сәйкес, электронды темекі сатқандар 200 АЕК айыппұл төлейді. Төлей алмаса, 200 сағат қоғамдық жұмыс істеуге мәжбүрлейді не 50 тәулікке қамалады. Вейпті елге әкеліп, өндіргендер 2 мың АЕК айыппұл төлейді я 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Бас тартса, 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал заңды елемей, қылмысын бірнеше рет қайталағандарға айыппұл 18 млн теңгеден асады. 1200 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеледі немесе 5 жылға сотталады.
Еркін Болатов