Ақтаудағы жаңа Оқушылар сарайында 5 мыңнан астам бала қосымша білім алады

15 Қыркүйек 2023, 15:42
686
Бөлісу:
Ақтаудағы жаңа Оқушылар сарайында 5 мыңнан астам бала қосымша білім алады
Фото: primeminister.kz

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Әлихан Смайылов Ақтау қаласының 17-ші шағын ауданында салынған жаңа Оқушылар сарайының жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңа нысан жақын арада өзінің алғашқы оқушыларын қабылдайды. Ол облыс орталығында, сондай-ақ жақын маңдағы Мұнайлы және Түпқараған аудандарында тұратын 5 000-нан астам баланы тегін қосымша біліммен қамтуға мүмкіндік береді.

Мұнда көркем, ғылыми-техникалық және жалпы гуманитарлық бағыттағы үйірмелер, сондай-ақ спорт секциялары жұмыс істейтін болады. Оқушылар сарайында xop, оркестр және музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін жеке сабақтар қарастырылған, хореографиялық студия, авиамодельдеу бөлмелері, компьютерлік сынып, әмбебап спорт залы, спорттық жүзу бойынша жаттығу бассейндері, йога және аэробика залдары бар.

Сонымен қатар ғимаратта дизайн және бейнелеу өнері студиясы, қолөнер және материалдарды көркем өңдеу шеберханалары, әдеби-драма студиясы, кітапхана, коворкинг-кеңістік және IT-технологиялар зертханасы бар. Оқушылар арасында шахматты кеңінен насиахаттау мақсатында гроссмейстер, шахматтан әлем және Азия чемпионы Бибісара Асаубаеваның шахмат шеберлігі мектебі ашылады.

Премьер-министр Мемлекет басшысы өзінің Сайлауалды бағдарламасында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін кемінде 100 ірі нысан салуды тапсырғанын еске салды. Оқушылар сарайы – солардың бірі.

Оқушылар сарайының ашылуы ай сайын 5 000-нан астам баланың үйірмелер мен секцияларға тегін баруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар 165 маман жұмысқа орналасады, — деді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы