Ақтауда 7-шағын аудандағы тұрғын үй маңында болған оқиғаға қатысты тараған «қарт адамды ұрып-соқты» деген ақпаратты полиция жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Алғашында куәгерлер 22 наурыз күні сағат 23:30 шамасында бірнеше адамның қатысуымен жанжал болғанын хабарлаған. Олардың айтуынша, оқиға кезінде қарт тұрғын басынан жарақат алып, күдіктілер оқиға орнынан кетіп қалған.
Алайда Маңғыстау облыстық полиция департаменті тексеру нәтижесінде бұл мәліметтердің расталмағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, 68 жастағы ер адам мас күйінде көшеде құлап, өздігінен жарақат алған.
Азамат өзіне ешкімнің қол көтермегенін растады. Оның айтуынша, жарақаттарды абайсызда құлап қалу салдарынан алған. Ешкімге қатысты шағымы мен арызы жоқ, – деп хабарлады ведомство.
Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы (қоғамдық орында мас күйінде болу) бойынша хаттама толтырылып, кейін туыстарына тапсырылды.