Ақтауда Президенттің резиденциясы орналасқан 226 гектарға жуық жер учаскесі заңсыз сатылған болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілген тексерудің нәтижесінде анықталды.
«Самал» шағын ауданында орналасқан аумақ вилла құрылысын жүргізу мақсатында 2002-2004 жылдары сатылған. Бастапқыда мұнай компаниясына беріліп, кейін жеке серіктестіктің қарамағына өткен.
Мамандар тексеру барысында сол кездегі қала әкімдігінің шешімінен заңбұзушылықтар тауып, жер беру тәртібінің бұзылғанын анықтады. Сондықтан сот шешімімен құны 1 млрд теңгеге бағаланған учаске мемлекет меншігіне қайтарылды.