Ақтауда заңсыз тұрғын үй құрылысы бұзылды

25 Қараша 2023, 08:45
587
Бөлісу:
Ақтауда заңсыз тұрғын үй құрылысы бұзылды
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Ақтауда 19 шағын аудандағы №12 жер телімінде орналасқан «Crystal City» тұрғын үй кешені сүрілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтау қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде құрылыс салушы «Берекет-Ф» ЖШС тиісті рұқсат құжаттарынсыз, жобалау-сметалық құжаттамасы бекітілмеген, яғни Қазақстан Республикасындағы сәулет қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының (әрі қарай-Заң) 68-бабына сәйкес құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптарын сақтамай, құрылыс нысанын салып жатқаны белгілі болды.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алғадай Қоштаевтың айтуынша, аталған мердігер мекемеге 2022 жылғы 15 қарашада құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылуы тиістігі жөнінде нұсқама берілген. Алайда құрылыс компаниясы оны елемеді.

Ақтауда қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген заңсыз нысандар құрылысына тосқауыл қою мақсатында нақты шаралар іске асырылуда. Көптеген талап арыздар заңсыз құрылысты тоқтату мақсатында сотқа жіберілді. Осы объектінің сот шешімі заңды күшіне енді. Бүгін сот шешімінің атқару парағы орындалып жатыр. Сондай - ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да объектілерді мәжбүрлеп бұзу шаралары қабылданады, - деді Алғадай Қоштаев.

Өзгелердің жаңалығы