Ақтауда Теңіз академиясының жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде академиялық басымдық орталықтарын құру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.

 Ғылым және жоғары білім министрлігі Бүгiн 2026, 07:14
Бүгiн 2026, 07:14
237
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ақтаудағы Yessenov University жанынан Теңіз академиясының жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, сала өкілдері мен студенттер қатысты.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде академиялық басымдық орталықтарын құру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.

Жалпы аумағы 4600 шаршы метр болатын үш қабатты жаңа ғимарат 900 студентке арналған. Мұнда теңіз саласына қажетті мамандар даярланып, халықаралық стандарттарға сай заманауи симуляторлармен жабдықталған зертханалар жұмыс істейді.

Теңіз академиясында бүгінде 350 студент білім алады. Оқыту кеме жүргізу, теңіз техникасы, көлік логистикасы және су көлігін басқару сынды бағыттар бойынша жүргізіледі.

Жаңа кешен құрамында әскери кафедраға арналған саптық алаң, қарауыл қалашығы мен кедергілер жолағы бар. Ашылу күні 130-дан астам курсант әскери ант қабылдады.

Жоба Қазақстанның теңіз саласындағы кадрлық және ғылыми әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға бағытталған.

Наверх