Ақтау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай "ҚХА-ға 30 жыл: бірлік пен келісім" атты республикалық этномедиаторлар форумы өтті. Ауқымды шара этномедиацияны қоғамдағы бейбіт диалог пен тұрақты келісім құралы ретінде дамытуға арналды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Форум жұмысына еліміздің 20 өңірінен 200-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының орынбасары Әлия Масалимова, өңірлік этномедиация кеңестерінің жетекшілері, ҚХА қоғамдық құрылымдары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар бар.

Іс-шара барысында этномедиацияны қоғамдық келісімді нығайту, қақтығыстардың алдын алу және оларды бейбіт жолмен шешудің тиімді құралы ретінде дамыту мәселелері талқыланды.
Спикерлер этномедиацияның елдегі тұрақтылық пен қоғамдық мәдениетті нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, форумда кәсіби медиаторларды даярлау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру, құқықтық ағарту және медиативтік мәдениетті кеңінен енгізу мәселелеріне назар аударылды.
Панельдік сессиялар аясында қатысушылар өңірлік тәжірибелермен бөлісіп, этномедиацияны жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Форум – Қазақстан халқы Ассамблеясының "Елдесу және татуласу" жобасы аясында 28 шілде – 8 тамыз аралығында өтіп жатқан ақпараттық-ағартушылық марафонның басты шарасы болды. Марафон аясында еліміздің 20 өңірінде 100-ден астам іс-шара өткізіліп, 5 мыңға жуық адамды қамтыған.
Бағдарлама аясында көшпелі тренингтер, дөңгелек үстелдер, подкасттар, арнайы курстар, сондай-ақ этномедиацияны соттан тыс дауларды шешу тетігі ретінде танымал етуге бағытталған өзге де бастамалар жүзеге асырылуда.