Ақтауда қоғамдық қауіпсіздікті бақылау үшін робот-иттер іске қосылды

Жаңа технология қоғамдық орындарды патрульдеуге, жағдайды бақылауға және қауіпсіздік қатерлеріне жедел әрекет етуге арналған.

 polisia.kz Бүгiн 2026, 15:52
Бүгiн 2026, 15:52
312
Фото: polisia.kz

Ақтауда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін робот-иттер қолданыла бастады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Роботталған құрылғылар қоғамдық орындарды патрульдеуге, жедел жағдайды бақылауға және құқықбұзушылықтың алдын алуға пайдаланылады. Кешендер заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған және ақпаратты нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына жібере алады.

Сонымен қатар робот-платформалар күдікті заттарды анықтап, түтін мен өрт белгілерін тіркеп, төтенше қызметтерге автоматты түрде хабарлама жолдай алады. Болашақта оларды арнайы және терроризмге қарсы операциялар кезінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

ІІМ мәліметінше, қосымша жаңғыртудан кейін роботтар қауіпті нысандарды қашықтан тексеруге және қызметкерлердің өміріне қауіп төндірмей күмәнді заттарды тасымалдауға қолданылуы мүмкін.

Ведомство қазіргі цифрлық технологияларды енгізу қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыруға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және ықтимал қауіптерге жедел әрекет етуге бағытталғанын атап өтті.

Бұған дейін мұндай роботталған платформалар Астана мен Алматы қалаларында енгізілген болатын. Енді бұл технологиялар Ақтау тұрғындары мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қолданылмақ.

Наверх