23 ақпанда әлеуметтік желілерде оқу орындарының бірінің дәлізінде оқушылар бір-бірін таптап кете жаздаған сәт бейнеленген видео тарады. Оқиғаға қатысты өңірлік Білім басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Кадрлардан мектеп дәлізінде оқушылар арасында сығылысу болғанын көруге болады.
Маңғыстау облыстық Білім басқармасының мәліметінше, оқиға Ақтау қаласының 9-шағынауданындағы №11 лицейде болған.
Сол күні алтыншы сабақ аяқталғаннан кейін екінші ауысымдағы оқушылар жаппай киім ілетін орынға (гардеробқа) бағыт алған. Соның салдарынан шамамен үш минутқа созылған уақытша адам көп жиналу жағдайы орын алған.
Осы уақытта кезекші мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі жағдайды бақылауда ұстаған. Тексеру барысында құқықбұзушылық фактілері, сондай-ақ оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар анықталмаған. Мектеп әкімшілігіне қауіпсіздік шараларын күшейту тапсырылған, - деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
Қазіргі уақытта оқу процесі штаттық режимде жалғасып жатыр. Мәселе қалалық білім бөлімінің бақылауында екені атап өтілді.