Ақтауда «МАЭК» ЖШС-не тарифтік бұзушылықтар үшін айыппұл салынды

Ақтау тұрғындарының монополист кәсіпорынның әрекетіне қатысты шағымы желтоқсан айында e-Otinish платформасы арқылы түскен.

 BAQ.KZ архиві 19 Ақпан 2026, 02:34
19 Ақпан 2026, 02:34
873
Фото: BAQ.KZ архиві

Ақтау қаласындағы «МАЭК» ЖШС-не халыққа дұрыс емес тариф қолданғаны және заңнамада көзделмеген қосымша талаптар қойғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтау тұрғындарының монополист кәсіпорынның әрекетіне қатысты шағымы желтоқсан айында e-Otinish платформасы арқылы түскен. Осыған байланысты Табиғи монополияларды реттеу комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаменті «МАЭК» ЖШС қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну және оларға қол жеткізу тәртібін бұзу фактілері анықталып, әкімшілік іс қозғалды.

«Табиғи монополиялар туралы» заңға сәйкес, табиғи монополия субъектісі уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша қызмет көрсетуге міндетті және реттеліп көрсетілетін қызметке жатпайтын қосымша талаптар қоюға құқылы емес.

Алайда жоспардан тыс тексеру нәтижесі бойынша «МАЭК» ЖШС жеке тұлғаларға қызмет көрсету кезінде тарифті дұрыс қолданбағаны және заңнамада қарастырылмаған қосымша талаптар енгізгені белгілі болды.

Тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіру мақсатында департамент кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Сонымен қатар, серіктестікке 3 151 270 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде өндіріліп, мемлекеттік бюджетке аударылған.

Наверх