Ақтау қаласында екі дос арасында болған жанжал пышақ жарақатына ұласты, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға таңертең 2-шағынаудандағы №46 үйде болған. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазба тарады. Кадрлардан кіреберіс маңында жатқан жас жігітті, сондай-ақ баспалдақтар мен оның жанында қан іздерін көруге болады. Куәгерлер полиция мен жедел жәрдем шақырған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шақырту бойынша құқық қорғау органдары оқиға орнына уақытылы жеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі дос спирттік ішімдік ішкеннен кейін өзара жанжалдасқан. Қақтығыс барысында олардың бірі досының жамбас тұсынан пышақпен жарақаттаған. Алынған жарақаттың енбейтіндігі анықталды.
Жәбірленуші полицияға арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуды, сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарды немесе 50 тәулікке дейін қамауға алуды көздейді.
Маңғыстау облыстық көпсалалы аурухананың хабарлауынша, 1990 жылы туған ер адам жедел жәрдем бригадасымен «оң жамбастың кесілген жарасы» диагнозымен жеткізілген. Дәрігерлер тексергеннен кейін науқас амбулаториялық ем алуға жіберілді.