Ақтауда Әзербайжан тауарларының жәрмеңкесі басталды

28 Тамыз 2022, 10:23
976
Бөлісу:
Ақтауда Әзербайжан тауарларының жәрмеңкесі басталды

Қос елдің ынтымақтастығын арттыру мақсатында Ақтауда мәдени-сауда жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Ашылуына Ақтау қаласындағы консулдықтардың өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Жәрмеңкеде келушілерге нарықтағы бағадан төмендетіліп Әзербайжан елінің азық-түлік өнімдері, косметикалық бұйымдар, картиналар ұсынылды. 

Әзербайжан елінің Ақтаудағы консулы Эльмар Маммадовтың айтуынша, биыл екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынасқа 30 жыл толады. Осыған орай, екі мемлекетте де түрлі шаралар өтуде. 

Қазақстан мен Әзербайжан арасында бүгінге дейін жүздеген құжатқа қол қойылып, табысты жұмыстар атқарылды. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан елінің президенті Ильхам Алиев жақында өткен кездесуінде тағы да маңызды құжаттарға қол қойып, болашаққа нақты жоспарлар жасалынды. Бұл дегеніміз - бауырлас екі ел арасындағы достық одан әрі жалғасын тауып, экономикалық және саяси салада берік серіктестік жалғасын таба береді деген сөз. Қазір Әзербайжан елінің орталық паркінде қазақ үй тігіліп, қазақтың салт-дәстүрі мен тарихы келушілерге таныстырылуда. Бұл тек қана Баку тұрғындарының ғана емес, елге келетін туристердің де қызығушылығын туғызып отыр, - дейді Э.Маммадов. 

Бүгінгі жәрмеңкеде қос елдің ұлттық билері орындалды. Қазақстанның мәдениет қайраткері Жоламан Көшкінов әйгілі Муслим Магомаевтың «Синяя вечность» әнін нақышына келтіріп орындап, көрермен ризашылығына бөленді. 

Бұл жәрмеңкені «Әзербайжанның Қазақстандағы сауда үйі» Ақтау қаласындағы консулдықтың қолдауымен ұйымдастырып отыр. Сауда үйі болашақта екіжақты сауданы дамытудың бірегей құралы болады деген үіміттемін. Сауда үйі әзірге тек Нұр-Сұлтанда ғана бар. Алдағы жылдары Ақтау және Қазақстанның өзге де қалаларынан филиалдар ашу жоспарда бар, - деді аталған сауда үйінің бас директоры Рагим Султанов. 

Шаралар 26 тамыз бен 5-қыркүйек аралығында теңіз жағалауында өтеді. Жәрмеңкеден өзге, тұрғындар кешке қарай әзірбайжан киносының алтын қорынан алынған фильмдерді тамашалай алады. 

Өзгелердің жаңалығы