2025 жылғы 4-10 қазан күндері Ақтау қаласында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында алғашқы халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты TurkicSkills 2025 өтеді, деп хабарлайды BQ.KZ.
Чемпионаттың ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі, оператор - «Talap» КеАҚ.
TurkicSkills бастамасы Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаннан кейін қолға алынды. Оның маңыздылығын WorldSkills International ұйымының шешімі растады, бұл чемпионаттың халықаралық беделін айтарлықтай арттырды.
TurkicSkills - түркітілдес мемлекеттері жастарын бір арнаға тоғыстыратын халықаралық алаң. Мұнда дағдылар экономикалық даму, инновация және бірліктің қозғаушы күші ретінде көрініс табады. Сайыстар WorldSkills стандарттары мен бағалау жүйесі негізінде өтеді.
Чемпионатқа 7 елден - Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстаннан 70-ке жуық конкурсант пен 90 сарапшы қатысады.
Жас мамандар өз шеберліктерін 10 құзыреттілік бойынша көрсетеді. Олардың қатарында: IT-шешімдер, веб-технологиялар, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиялары, аспаздық іс, электрмонтаж жұмыстары және басқа да сұранысқа ие бағыттар бар.
Бағдарлама:
- 5 қазан - Ашылу салтанаты (Rixos Water World Aktau);
- 6-8 қазан - Сайыс күндері;
- 9 қазан - Жабылу және марапаттау рәсімі (Yessenov University).
TurkicSkills аясында іскерлік бағдарлама, білім беру және индустриялық тәжірибе көрмесі, мәдени іс-шаралар мен жастарға арналған нетворкингте өтеді.
TurkicSkills 2025 чемпионаты - жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, түркітілдес елдердің жастары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, аймақтың кадрлық және сарапшылық әлеуетін нығайту, Қазақстанның кәсіби шеберлік орталығы ретіндегі халықаралық имиджін қалыптастыру.