Қазақстанда Каспий торабы аясында екі ірі жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олар – Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хаб пен құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы.
Екі жоба да «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізілген. Контейнерлік хаб үшін 19 гектар жер телімі бөлінді. Бұл «Ляньюньган Құрлықтық терминалы» компаниясымен бірлескен жоба. Инвестиция көлемі – 47,6 миллиард теңге. Хабтың алғашқы іске қосу кешені шілде айында пайдалануға берілді. Екінші кешеннің құрылысы 95 пайыз орындалып, жыл соңына дейін аяқталады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, жалпы жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деген жоспар бар. Жобалық қуаты – 240 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) контейнер.
«Саржа» теңіз терминалы «Semurg Invest» компаниясының жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылуда. Терминал аумағы – 284,7 гектар, инвестиция көлемі – 98 миллиард теңге. Жалпы жүк терминалы пайдалануға берілді. Астық, әмбебап жүк, химиялық өнімдер терминалдары мен көлік-логистикалық орталық құрылысы жалғасуда, - деді Арман Шаққалиев.