Ақтау қаласында 25 мамырға қараған түні кәмелетке толмаған жүргізушінің қатысуымен полиция қуғыны болды. Оқиға бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.
Lada.kz-тің жазуынша, түнгі сағат 01:25 шамасында Мұнайлы ауданындағы Бесшоқы ауылы маңында патрульдік полиция қызметкерлері Mercedes-Benz көлігін тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда жүргізуші полицияның заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашып кеткен.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көлікті бірнеше патрульдік экипаж қуып, жедел іздестіру шараларының нәтижесінде автокөлік Ақтаудағы 33-шағын ауданда тоқтатылды.
Тексеру барысында рөлде жүргізуші куәлігі жоқ 17 жастағы жасөспірім отырғаны анықталды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған бап бойынша 60 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ көлік иесі де жауапкершілікке тартылды. Оған көлікті жүргізу құқығы жоқ адамға бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігі бойынша хаттама рәсімделді. Бұл бап 50 АЕК көлемінде айыппұл салуды көздейді.
Бұдан бөлек, жасөспірімді тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша заңды өкілге қатысты материалдар сотқа жолданды.
Полиция департаменті жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға көлік беру жол қозғалысы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретінін еске салды.