Каспий хабы бойынша Ақтау және Құрық порттарын модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жыл соңына дейін Ақтау портында қытайлық Ляньюньган компаниясымен бірлескен контейнерлік хаб құрылысының 1-кезеңі аяқталады. Жоба толық іске асырылғаннан кейін хабтың қуаттылығы жылына 240 мың контейнерге дейін жетеді. Ақтау портының акваторясын тереңдету, причалдарды реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді министр.
Ол сондай-ақ Құрық портында “Саржа” көпфункционалды терминалының құрылысы жалғасып жатқанын баяндады.
Каспий теңізі арқылы контейнер тасымалын ұлғайту үшін 2027 жылға дейін Әзірбайжаннан сыйымдылығы 780 контейнер болатын екі кеме сатып алу жоспарлануда. Порттарға баратын теміржол желісінің де өткізу қабілетін ұлғайту бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Бұл жобаларды іске асыру Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға дейін жеткізеді, - деді Сауранбаев.