Алматы, BAQ.KZ. Ақтауда дәрінің жетіспеушілігіне наразылық танытқан тұрғындар алаңға шықты.
Lada.kz агенттігінің мәліметінше, қала орталығындағы "Ынтымақ" алаңына 20-ға жуық адам жиналған. Олар қалада дәрі-дәрмектің жоқтығын айтып, билік өкілдерінен бұл мәселені шешуді талап еткен.
Дәріханада ештеңе жоқ. Тіптен физраствор табу қиын, ол қазір алтын сияқты болды, - дейді жергілікті тұрғын Әлішер.
Аталған жағдай бойынша Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев түсінік берді.
Қазіргі уақытта дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Дәріханаларда да бұрынғыдай дүрбелең жоқ. Жиналғандармен бірінші дәріханаға кіріп көрдік, ол жерден іздеген үш дәрінің екеуін таптық. Сондықтан дүрбелең тудырмау қажет, - дейді Күмісқалиев.