«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында контейнерлік хаб құрылысы 2025 жылы аяқталады

18 Ақпан 2024, 01:16
666
Бөлісу:
«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында контейнерлік хаб құрылысы 2025 жылы аяқталады
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Бүгінде «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясының ауыстырып-тиеу бойынша контейнердің қуаттылығы 70 мың ЖФЭ-ні (жиырма футтық эквивалент) құрайды. Экономикалық аймақ аумағындағы контейнерлік хаб іске қосылғаннан кейін 200 мыңнан астам ЖФЭ контейнерді 19 гектар жерде өңдеуге және сақтауға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтау халықаралық теңіз сауда портының көлік және логистика бөлімінің басшысы Қайрат Қалиолланың айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тапсырмасына сәйкес орталық дәлізді дамыту және Қазақстан порттарының қуаттылығын арттыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Тапсырмаға сәйкес алдағы уақытта экономикалық аймақ маңында орналасқан 19 га жерде контейнерлік хаб құрылады. Қазіргі таңда біздің портымыздың ауыстырып-тиеу бойынша қуаттылығы 70 мың ЖФЭ-ні құраса, контейнерлік хаб іске қосылысымен 200 мыңнан астам ЖФЭ контейнерді өңдеуге және сақтауға мүмкіндік береді. Яғни контейнермен келген жүктерді қоймаға сақтау, тоңазытқышы бар контейнерлерді орналастыру, контейнерден вагонға немесе машинаға жүктерді шығару немесе керісінше тиеу іске асырылады. Контейнерлерді өлшеу, ремонттау секілді қызмет көрсетулер қолжетімді болады, - деді Қайрат Қалиолла.

Ақтау порты - Азия мен Еуропа елдерінің су мен құрлық, темір мен әуе жолдары арқылы тоғысар торабында орналасқан халықаралық көлік дәлізі. Ақтау айлағынан шығатын теңіз жолдарының екеуі Иранның солтүстік айлақтарына және Бакуға жүк жеткізеді.

2022 жылы жүктерді ауыстырып тиеудің жалпы көлемі 3 818 мың тоннаны құраған. Атап айтқанда мұнай 2 462 мың тонна, астық 447 мың тонна, металл 119 мың тонна, тағы да басқа тауарлар 790 мың тоннаны құрады.

Ал 2023 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша Ақтау порты арқылы жүктерді ауыстырып тиеудің жалпы көлемі 4 483 мың тоннаны құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17% - ға артық. Салыстырмалы түрде айтқанда 2023 жылы мұнай-3 614 мың тонна тиелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 48% - ға артық. Астық-177 мың тонна, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 40% - ға аз. Металл - 148 тонна, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 24% - ға көп. Тағы да басқа тауарлар -544 мың тонна, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 32% - ға аз.

2024 жылғы қаңтардағы жұмыс қорытындысы бойынша жүктерді порт арқылы ауыстырып тиеудің жалпы көлемі 362 мың тоннаны құраған.

Біз клиенттерге жүктерді ауыстырып тиеу және сақтау қызметтерін ұсынамыз. Порттан экспорттық, импорттық, транзиттік жүктер жөнелтіледі. 2024 жылдан бастап, Ақтау қаласында орналасқан «ҚазАзот» мекемесі өнімі- аммиак селитрасы экспортқа жөнелтіліп жатыр. Бүгінде портта 500 -ден астам қызметкер жұмыс істейді. Атқарылатын әр істің сапасы мен тиімділігін арттыру басшылыққа алынған. Теңіз порты тынымсыз еңбек ортасы. Әрбір бөлімге жауапты мамандар өз жұмысын адал атқарады, - деді Қайрат Қалиолла.

Өзгелердің жаңалығы