Ақтаулық прокурор Ерболат Әбдіров қызметінен уақытша шеттетілді. Оған қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр. Маңғыстау облыстық соты істің апелляциясын қарайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы авиациялық көлік прокуроры Ақтау қалалық мамандандырылған сотының әкімшілік құқық бұзушылық бойынша Ерболат Әбдіровке қатысты істі тоқтату жөніндегі шешіміне шағым түсірді.
Хабарламада сот актісінің заңдылығы мен апелляциялық шағымның уәждері Маңғыстау облыстық сотында белгіленген тәртіппен қаралатыны айтылған.
Бұдан бөлек, Әбдіровке қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде.
Осыған байланысты, «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 38-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес, ол жауапкершілігіне қатысты мәселе түпкілікті шешілгенге дейін қызметінен уақытша шеттетілді.
Бұған дейін Ақтау прокурорының Алматы әуежайында ұсталғаны хабарланған. Кейіннен оның кінәсіз екені анықталған еді.
Іс материалдарына сәйкес, прокурор ұшаққа бет алған жолда екі жерлес ағайындымен танысқан. Терминалдан әуе кемесіне апаратын автобустың ішінде оқиға болып, соның негізінде 28 тамыз күні желілік полиция бөлімінің қызметкері Әбдіровке қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Ол қоғамдық тәртіпті бұзды деген күдікке ілінген.