Алдағы екі жыл ішінде Қостанай мен Ақтауда Ұлттық балаларды оңалту орталығының филиалдары ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Айтуынша, Ұлттық оңалту орталығында ең озық технологиялар мен ең мықты мамандар шоғырланған.
Депутат Магеррам Магеррамов вице-премьерге сұрақ жолдады.
Өңірлерге жасаған сапар нәтижесінде, балалардың мүгедектігіне байланысты қажетті оңалту қызметін Астана мен Алматыға бармай-ақ ала алатын орталықтардың жоқ екені анықталды. Осы жағдай елордаға жаппай көшуге себеп болып отыр. Бұл өз кезегінде бюджетке, инфрақұрылымға салмақ түсіреді, әлеуметтік баспанаға кезекті ұлғайтады. Біз жолдаған депутаттық сауалға келген жауапты бюрократиялық, мәні жоқ жазба ретінде қабылдадық. Елдік деңгейдегі мәселеге тек Астана халқының статистикасын келтіріпсіздер. Президент бұл мәселені Жолдауында атап өткен еді. Сіздер бұл мәселені қалай шешпек ойдасыздар?, - деп сұрады депутат.
Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, елімізде жалпы 6,8 миллион бала бар. Оның шамамен 117 мыңы – түрлі аурулары бар балалар, мүгедектігі бар балалар, соның ішінде 14 мыңға жуық аутизм дертіне шалдыққан бар бала.
Бұл балалармен екі ведомство жұмыс істейді. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және оңалту көмегін көрсетеді. Қазір ел бойынша шамамен 80 оңалту орталығы жұмыс істейді. Барлық қуаты – 4 130 төсек-орыннан асады. Әрине, бұл жеткіліксіз.
Неге Астана? Себебі Астанада Ұлттық балаларды оңалту орталығы орналасқан, онда ең жақсы технологиялар мен үздік мамандар шоғырланған. Осыған байланысты алдағы екі жылда осы Ұлттық орталықтың филиалдарын Қостанай мен Ақтауда ашуды жоспарлап отырмыз. Кейін халық саны көп ірі қалаларда да кезең-кезеңімен ашылады, – деді Бозымбаев.
Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі бағытында ерте араласу орталықтары жұмыс істейді. Олар еліміздің барлық өңірінде бар, онда кейбір диагноздар бойынша бір жастан үш жасқа дейінгі балаларға көмек көрсетіледі.
Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады және күшейтіледі, өйткені бұл мәселелер үкіметтің тұрақты бақылауында. Сондай-ақ ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бағыты бойынша 582 әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істейтінін айтты. Соның 372-сі – мемлекеттік, қалғаны – жеке орталықтар. Бұл орталықтарда белгілі бір медициналық көмектен бөлек, ең негізгі назар балаларды әлеуметтік бейімдеуге қойылады.
Оның пайымдауынша, қамту бар, бірақ әлі де жеткіліксіз.
Жақын уақытта Түркістан облысында демеушілік көмегі аясында 150 орын ашу жоспарланып отыр. Сонымен бірге жаңа орталықты іске қосу көзделген. Спикер бұл бағыттағы жұмыстар Үкіметтің бақылауында және болашағы жақсы деп отыр.