Әзербайжандық AZAL әуе компаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырағанына бір жыл толуына орай, тірі қалған жолаушылар мен қаза тапқандардың туыстары әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының 8432 рейсі Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алған.
Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес, ұшаққа Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінен атылған зениттік зымыранның сынықтары тиген. Мәскеу бастапқыда бұл нұсқаны жоққа шығарғанымен, кейін Ресей президенті Владимир Путин әуе қорғаныс жүйелерінің әрекетке қосылғанын мойындап, өкініш білдірді.
Аман қалғандар мен марқұмдардың жақындары бір жылдан бері әділдік орнап, кінәлілер анықталады деген үмітпен күтіп отыр. Олардың айтуынша, бұл апат тек жеке трагедия ғана емес, халықаралық деңгейде ашық әрі әділ бағалануы тиіс оқиға.