Оқыс оқиға 29 ақпанда Ақтау әуежайы маңында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Криминальный Казахстан" телеграм-каналында осы жайтқа қатысты видео тарады.
Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметі атап өткендей, 29 ақпанда сағат 15:00 шамасында патрульдік қызмет көлігі үлкен жылдамдықта келе жатып алдындағы көлікті басып озған. Алайда басып озбақ болған патрульдік көлік жолдың жиегіне шығып кетіп, сол жердегі бағананы басып өткен көрінеді. Ол аздай, кейін жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, басқа көлікпен соқтығысқан.
Патрульдік полиция батальонының инспекторы рөлді тізгіндей алмай, Opel Astra маркалы көлікпен соқтығысты. Жол апаты салдарынан полиция қызметкері облыстық ауруханаға жүгінді. Медициналық қызмет көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді, - деді полиция басқармасындағылар.
Ведомство мәліметінше, жол апаты полиция қызметкерінің кесірінен болған. Қазір ол әкімшілік жазаға тартылды.