Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтау әуежайында ер адам 12 млн теңгеден астам қаржысынан айырылды

1 Қазан 2025, 21:05
360
Бөлісу:
 млн теңгеден астам қаржысынан айырылды
Фото: млн теңгеден астам қаржысынан айырылды

Ақтаудан Тбилисиге (Грузия) қомақты қаржыны декларацияламай алып кетпек болған ер адам 18 мың доллардан астамын (9,9 млн теңге) жоғалтып, үстіне ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі 2025 жылғы 1 қазанда хабарлағандай, "Әуежай-Ақтау" кеден бекетінің қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлескен бақылау барысында "Ақтау – Тбилиси" әуе рейсінің жолаушысынан 28 100 АҚШ доллары (15,4 млн теңге) көлемінде қолма-қол ақша тапқан. Кедендік рәсімдеу кезінде ер адам шетел валютасын декларациялаудың қажеті жоқ деп мәлімдеген.

Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты К.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 2 276 753,75 теңге көлемінде айыппұл салды. 18 100 АҚШ доллары мемлекет кірісіне тәркіленді. Ал 10 000 АҚШ доллары қаулы заңды күшіне енгеннен кейін иесіне – азамат К.-ға қайтарылады, – деп хабарлады МКД.

Басқа бір жағдайда да Ақтау әуежайында кедендік бақылау кезінде қазақстандықтан 12 500 АҚШ доллары табылды. Бұл дерек те сотқа жіберілді.

Қазақстаннан шетел валютасын әкеткенде нені білу маңызды?

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті еске салды: Қазақстан Республикасындағы "Кедендік реттеу туралы" кодекстің 343-бабы 1-тармағы 7) тармақшасына сәйкес, ЕАЭО кедендік аумағына бір жолғы әкелінетін немесе ЕАЭО кедендік аумағынан бір жолғы әкетілетін қолма-қол ақша мен жол чектері, егер олардың жалпы сомасы 10 000 АҚШ долларынан (Ұлттық банктің өтініш берілген күнгі бағамы бойынша есептелген) асса, кедендік декларациялауға жатады.

Алайда, ұлттық мүдделерді қорғау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығы күшінде. Оған сәйкес, қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын Қазақстаннан әкетуге 10 000 АҚШ долларына баламалы сомадан артық мөлшерде тыйым салынады. Бұл сома Ұлттық банктің валютаны әкету күніндегі бағамы бойынша есептеледі. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі №124 шешіміне сәйкес, 16 жасқа толмаған жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтер оларды ертіп жүрген тұлғаның жеке кедендік декларациясында көрсетіледі, – деп хабарлады МКД.

Осылайша, әрбір отбасы мүшесі үшін 10 000 АҚШ долларына баламалы сомадан аспайтын қолма-қол шетел валютасын әкетуге рұқсат етіледі.

Өзгелердің жаңалығы