Ақтау әуежайы бәсекелестікті қорғау департаментіне қарсы сотта жеңді

3 Тамыз 2022, 18:28
1334
Бөлісу:
Ақтау әуежайы бәсекелестікті қорғау департаментіне қарсы сотта жеңді

Ақтау халықаралық әуежайы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаментіне қарсы сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Ақтау әуежайының жолаушылар терминалына кірген кезде келушілерді тексеруге қатысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің хабарламасын жойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz. 

Көрсетілген хабарламамен келіспей, әуежай өз мүддесін қорғау үшін сотқа жүгінді. Сот отырысы барысында терминалға кірген кезде келушілерді тексеру Ақтау халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік бағдарламасымен белгіленгені анықталды. Ал бұл анықтама монополияға қарсы органның хабарламасында сілтеме жасаған ұшу алдындағы тексеруден өзгеше екені белгілі болды. 

Айта кету керек, ұшу алдындағы тексеруге аса маңызды талаптар қойылады, ал кіру кезіндегі тексеру ғимараттағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заттарды әуежай терминалына кіргізуге жол бермеуге арналған. Бұдан басқа, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер департаменттің құзыретіне кірмейді. 

Хабарламада қойылған талаптар жолаушылар мен әуежайға келушілердің терроризмге қарсы қорғалу деңгейін айтарлықтай төмендетуге қабілетті. Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу туралы өтініш негізсіз, өйткені бұл шаралар келушілердің терминалға кіруін шектемейді, - деп түсіндірді әуежай өкілдері. 

Сот отырысында әуежайдың ұстанымын "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі"АҚ қолдады. Осылайша, авиациялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында сот аталған хабарламаның күшін жойды.

Өзгелердің жаңалығы