Ақсу ауданына қарасты Көшкентай ауылындағы ескі Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, халыққа пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
1958 жылы салынған мәдени ошақ Кеңес дәуірінен келе жатқан құрылысын нысанның бірі. Кезінде Көшкентайда аудан көлемінде Сабан той, Шопан той өткен екен. Тіпті, партия, комсомол ұйымдарының бас қосулары да жиі болған.
Көшкентал ауылдық Мәдениет үйіне «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 310 млн 909 мың теңге қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу шарты бойынша «Молықбай Байсақұлы атындағы Ақсу аудандық мәдениет үйі» МКҚК мен «Азамат Құрылыс» ЖШС арасында 2023 жылғы 22 ақпанда келісімшарт жасалып, құрылыс жұмысы басталды. Бүгінгі күні күрделі жөндеу толық аяқталып, техникалық-материалдар сатып алынып, әдемі ғимарат пайдалануға дайын тұр, - дейді аудан әкімінің баспасөз қызметшісі Мағжан Шындәулет.
Аталған мәдени нысанда 5 үйірме жұмыс істейді. Бұған дейін ауыл халқы іс-шараларды сыртында өткізетін. Себебі ішіне кіруге рұқсат жоқ, қабырғалары сөгіліп тұрған. Ал ауа райы бұзылса тұрғындар киіз үй, арнайы шатыр тігіп, амалдайды. Енді қызыл кірпіштен салынған, екі қабатты Мәдениет үйі ауылдың 1000-нан аса тұрғынына қызмет етеді.
Ауылда үлкен кітапхана бар. Онда 17 мыңға тарта кітап қоры да бар. Енді жаңа мәдени ошаққа жайғасатын болды. Балалар барып оқыса да болады. Оның үстіне түрлі жиындарды мектеп ішінде, болмаса шағын кабинетте ұйымдастырып жүрдік. Енді ауыл балалары да түрлі үйірмеге қатысып, білімін шыңдайтын болды, - дейді ауыл тұрғыны Айман Серкебайқызы.
Айта кетейік, аталған ғимаратта дабыл қаққыш, бейнебақылау камералары орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға арнап пандус та салынған. Алдағы уақытта концерттер сонда өтеді.