Абай облысындағы асфальт зауытында өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өрттен 10 тонна битум жанып кеткен.
Абай облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 шілде күні «101» пультіне Ақсуат ауданы Шыбынды ауылында орналасқан асфальт зауытында өрт шыққаны жайлы ақпар түсті.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен.
Құтқарушылар сол жерге келгенде зауыт аумағында битумды 3 бөшке өртеніп жатты. Отпен күрескен өрт сөндірушілер жарты сағат ішінде ауыздықтады. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ, - делінген мәліметте.
Өрттің неден шыққаны әзірге анықталмаған. Тексеру жұмыстары басталды.