Ақшолақов электр энергиясы нарығына реформа жүргізілетінін айтты

18 Қазан 2022, 09:51
837
Бөлісу:
Ақшолақов электр энергиясы нарығына реформа жүргізілетінін айтты

Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2035 жылға дейін еліміздің электр энергетика саласының қалай реформалатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, министрлік электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі жоспарын дайындады, қазіргі таңда оны іске асыру үшін бірқатар жүйелі шара қабылдауды талап етіп отыр.

Біріншіден, электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату негізінде жұмыс істеудің жаңа моделіне көшу арқылы электр энергиясы нарығын реформалау қажет. Мемлекет басшысының «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында генерациялау секторында энергия көздерін дамытуға, инвестицияларды жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етуге және мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар топтамасы дайындалды. Алдағы энергетикалық ауысуда «таза көмір» технологияларын, жаңартылатын энергетиканы, заманауи газ және атом генерациясын, Smart Grid зияткерлік жүйесін қолдана отырып, ESG қағидаттары негізінде дамыту жөніндегі шаралар әзірленді, - деді Энергетика министрі.

Ведомства басшысының айтуынша, бұл шаралар министрлік әзірлеген Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында көзделген.

Тұжырымдаманы Министрлік осы жылдың қазан айында мемлекеттік органдармен келісу қорытындылары бойынша Үкіметтің қарауына енгізуді жоспарлайды. Осы пайымды іс жүзінде іске асырудың бірінші кезеңі ретінде Министрлік заңнамалық түзетулер топтамасын дайындады, ол қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр, - деді Болат Ақшолақов. 

Өзгелердің жаңалығы