Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Ақшаны қайтармаймыз": Мейрамханаға алдын ала төлем жасайтындар нені білуі керек?

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Нұркен Алишев
VIDEO
Фото: BAQ.KZ архиві/ Нұркен Алишев

Жаңа жыл қарсаңында мейрамханаларда орын брондау кезінде алдын ала төлем ("предоплата") талап етілетіні белгілі. Алайда тұтынушы қандай да бір себеппен бара алмай қалған жағдайда көптеген мекемелер бұл қаражатты қайтармайды. Осы мәселеге қатысты BAQ.KZ тілшісінің сұрағына Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жауап берді.

Депутаттың айтуынша, мейрамханалардың алдын ала төлемді қайтарудан бас тартуы – заңсыз.

Ресторандарға ақша төлеп қойып, кейін бара алмай қалғанда "ақшаны қайтармаймыз" деуі – заңсыз. Қазір осы норманы заңда нақтылап жазғалы жатырмыз, өйткені мұндай жағдайлар жиі кездеседі, – деді Әбенов.

Ол осындай даулы жағдайды өз басынан өткергенін де мысал ретінде айтты.

Біз бір жерге алдын ала тапсырыс берген едік. Кейін бара алмайтынымызды айтсақ, олар "ақша сіздерде қалмайды" деді. Біз сотқа шағым түсіреміз деп хабарлап, сауатты арыз жаздық. Ақшамызды қайтарып берді. Бірақ көп азамат мұндай құқықтарын білмейді, – деді депутат.

Әбеновтің айтуынша, тұтынушыларды қорғау үшін WhatsApp-тағы хат алмасу, Instagram жарнамасы немесе онлайн келісімдер де толыққанды дәлел бола алады.

Көп адам онлайн қызметтерден қорқады, себебі қолында чек немесе келісімшарт болмайды. Біз заңға нақты норма енгізіп, азаматтарды қорғағымыз келеді. Қарапайым тұтынушының артында мықты юристер жоқ, ал бизнестің мамандары бар. Сондықтан біз тұтынушы құқығын қорғау заңын күшейтеміз, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, кейбіреулер, әсіресе алаяқтар тарапынан қарсылық бар, бірақ жаңа өзгерістер онлайн ақша төлеу кезінде алданып қалатын азаматтарды қорғауға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы