Ақшаға сатып алынған атақ: Марапаттың құны қанша?

Арзан атақ қуғандар мен педагогтерге тағайындалатын марапаттар

 freepik Бүгiн 2026, 17:14
Бүгiн 2026, 17:14
188
Фото: freepik

«Құрметті азамат» немесе «ұлағатты ұстаз» атанғыңыз келсе, қалтаңызда  50 мың теңге болса жеткілікті. BAQ.KZ тілшісі арзан атақ қуғандар мен педагогтерге тағайындалатын марапаттар туралы зерттеді.

Осыған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға атақ пен марапаттың саудағы түсуі туралы депутаттық сауал жолдаған еді.

Атаққұмарлық ауыр дертке айналып барады. Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувенир секілді, - деді депутат.

Осы тұрғыда әлеуметтік желі арқылы жарнамасы желдей есіп жүрген бір хабарландыруға көзіміз түсті. Бұл тұрғыда да депутат жақсы ақпарат айтты.

Атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль, ордендерді шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп жүр, - деді ол.

Расымен, әлеуметтік желіде бір ғана ұстаздарды марапаттайтын «Мәртебелі ұстаз», «Білім беру саласының үздік педагогы», «Жұлдың үздік ұстазы» деген секілді номинациялар мен төсбелгілерді үйлестіретін орталық бар. Орталықтың кезекті бір байқауына өтінім жіберіп көрдік. Нәтижесін де ұзақ күтпедік. Көрсетілген почтамызға сіздің видео үздік деп, Астанада өтетін марапаттау рәсіміне қатысуға шақырды. Бірақ марапатты алу үшін 50 мың теңге жарна төлеу қажеттігін айтты. Ал орталық басшысына хабарласқанымызда:

Байқауға қатысушылар өздері өтінім жібереді. Марапаттау рәсіміне қатысатындар үшін арнайы жарна қарастырылады. Оған біз ұйымдастыру жұмыстарын, медаль алу, марапат қағаздары секілді жұмыстарды кіргіземіз, - дейді. 

Ал мұндай атақтарды еңбек бағаланбай, ақшаға сату алу қаншалықты дұрыс деген сауалымызға:

Біз ешкімді мәжбүрлемейміз. Кейде адамдар сол өзінің көңіл-күйі үшін, немесе дәреже керек болған сәтте сұрап, қатысып жатады, - деп жауап берді де тілші екенімізді білген сәтте байланысты бұғаттап тастады.

Байқағанымыз орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасында байқаулардың көбі – ұстаздарға арналған. Осыдан «педагогтердің осындай алған атақтары аттестаттау кезінде жәрдем бере ме, өзі?» деген сауал туындайды.

Ресми марапаттар қандай тәртіппен беріледі?

Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің редакция сауалына берген жауабына сәйкес, педагогтерге берілетін ресми атақтар нақты заңнамамен реттеледі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы заңға сәйкес, елге айрықша еңбек сіңірген педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Бұл атақ иелеріне «Педагог мәртебесі туралы» заңға сай 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған.

Сонымен қатар, жыл сайын республикалық конкурс нәтижесі бойынша «Үздік педагог» атағы беріледі. Бұл атақты иеленгендерге де Үкімет айқындайтын тәртіппен 1000 АЕК көлемінде сыйақы төленеді.

Ал педагогтердің кәсіби деңгейі негізінен аттестаттау арқылы анықталады. 2016 жылғы №83 бұйрыққа сәйкес педагогтер мына біліктілік санаттары бойынша аттестаттаудан өтеді:

  • педагог-модератор;
  • педагог-сарапшы;
  • педагог-зерттеуші;
  • педагог-шебер.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың маусым-қараша айлары аралығында республика бойынша 122,1 мыңнан астам педагог аттестаттаудан өткен.

«Сатып алынған» атақ жалақыға әсер ете ме?

Министрлік жауабы нақты: қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде бейресми атақтар үшін ай сайынғы қосымша ақы қарастырылмаған.

Яғни түрлі қоғамдық ұйымдар беретін «құрметті атақтар» педагогтің жалақысына да, біліктілік санатын көтеруге де әсер етпейді. Ресми конкурс арқылы берілген мемлекеттік марапаттар ғана біржолғы сыйақымен ынталандырылады, - дейді министрлік.

Ал біз сөз еткен орталық республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың ресми тізімінде бұл орталық көрсетілмегенін айтты. Яғни аталған ұйым мемлекеттік награда беру өкілеттігі бар құрылымдардың қатарына кірмейді.

Қауіп неде?

Мәселенің ең алаңдатар тұсы - мұндай «марапат бизнесінің» мектептерге енуі. Кей жағдайда ұстаздың кәсіби беделі білім сапасымен емес, төсбелгі саны арқылы бағаланатын үрдіс қалыптасып келеді. Бұл білім жүйесіне кері әсер етуі мүмкін құбылыс. Мұғалімдер сапалы білім беруден гөрі марапат жинауға ұмтылса, жүйенің негізгі мақсаты көмескіленеді.

Көптеген дамыған елдерде мемлекеттік наградалар заңмен қорғалады, критерийлері нақты белгіленеді және ашық рәсімдер арқылы беріледі. Бұл марапаттың беделін сақтауға мүмкіндік береді.

Ал бізде қоғамдық ұйым ашып, атақ үлестіру оңай болған жағдайда, марапаттың мәні әлсіреуі ықтимал.

Алда не өзгереді?

Министрлік мәліметінше, 2026 жылы педагогтерді аттестаттау қолданыстағы қағидалар бойынша жалғасады. Сонымен бірге аттестаттау ережелеріне өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар қарастырылып жатыр.

Наверх