Биыл 170 мыңнан астам қазақстандық жұмысын ауыстыруға ниетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы таратқан деректен белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, жұмыс орнын ауыстыруды көздеп отырған 176,6 мың адамның жартысына жуығы еңбек жағдайына емес, қаржылық қанағаттанбаушылыққа байланысты шешім қабылдаған.
2026 жылдың ақпан айындағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның еңбек нарығында көзге бірден байқала бермейтін, бірақ іштен қайнап жатқан қозғалыс бар. Қазіргі таңда ресми түрде жұмыспен қамтылған азаматтардың өзі жаңа жұмыс іздеуге белсенді кіріскен, ал статистика олардың мотивациясын нақты көрсетіп отыр.
Ақша – басты себеп
Зерттеудің басты түйіні – жұмыстан кетудің қаржылық және физикалық себептері арасындағы алшақтық. 72 502 адам (жұмыс ауыстыруды жоспарлап отырғандардың 41 пайызы) негізгі себеп ретінде «жалақының немесе табыстың төмендігін» көрсеткен. Ал "еңбек жағдайының қолайсыздығына" бола кеткісі келетіндер небәрі 19 406 адам, яғни 11 пайыз-ды құрайды.
Бұл қаржылық қысым жұмысшыларға жұмыс қауіпінен 3,7 есе қатты әсер етіп отырғанын білдіреді. Қазақстандықтар қиын жағдайға шыдауға дайын, бірақ табыстың өспеуіне, индексацияның болмауына көнгісі келмейді.
Өз мамандығын таппай жүргендер
Еңбек нарығындағы екінші ірі мәселе – кәсіби сәйкессіздік. 45 897 адам (26 пайыз) «өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді» деген себеппен қызметін ауыстырғысы келеді. Ондаған мың білікті маман өз саласына қатысы жоқ жұмыстарды атқарып жүр немесе күн көру үшін білім деңгейін қажет етпейтін қызметке мәжбүр болып отыр.
Тұрақтылық бар, бірақ қанағат жоқ
Бизнес тұрақсыздығына байланысты факторлар жұмыс ауыстыруға айтарлықтай әсер етпейді. «Қайта құрылымдау немесе қысқарту күтілуіне» байланысты жаңа жұмыс іздеп жүргендер бар болғаны 333 адам. Ал келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты – 2 912 адам.
Бұл кадр ауысымына сыртқы дағдарыстар емес, компания ішіндегі мотивацияның әлсіздігі көбірек ықпал ететінін көрсетеді. Адамдар жұмыстан шығарылғандықтан емес, қазіргі тұрақтылық өмір сүруге жеткілікті деңгей ұсынбағандықтан кетіп жатыр.
Қалалықтар жұмыс ауыстыруды қалыпты қабылдайды
Жұмыс берушіні ауыстыру ниеті көбіне қала тұрғындарына тән. 176 мың адамның 123,5 мыңы қалаларда тұрады. Ауылдық жерлерде жұмыс ауыстыру туралы ойлайтындар 2,3 есе аз – 53,1 мың адам. Бұл ауыл халқының адалдығынан гөрі, балама мүмкіндіктің аздығымен түсіндіріледі.