Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақша талап етіп, 19 жастағы хоккейшіні өлтірген спортшы 3 жылға қамалды

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов
Фото: BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Андрей Лагуновқа қатысты Үржар-Семей аймақаралық сотының бұрынғы үкіміне өзгеріс енгізді. 19 жастағы хоккейшінің өліміне себеп болған спортшыға 3 жыл түрме жазасы кесілді. Жәбірленушілерге 20 млн теңге өтемақы өндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға 2024 жылдың 2 тамызында Өскемен қаласындағы Спорт сарайында болды. «Торпедо» клубының ересектер командасының ойыншысы Андрей Лагунов кіші команда хоккейшісі Иван Пыленоктың мойнын сол қолымен қысып, одан 7 900 теңге көлемінде ақша талап еткен. Қақтығыс кезінде жас спортшы есінен танып, жедел жәрдем келмей жатып көз жұмды. Сараптама нәтижесінде Пыленоктың өліміне мойын аймағына салынған соққы салдарынан жүректің тоқтап қалуы себеп болғаны анықталды.

Бұған дейін, 2025 жылдың 23 қазанында, Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Лагуновтың әрекетін Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлімінен (аса ауыр зардаптарға әкеп соққан өзінше билік ету) 104-бап 1-бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру) қайта саралап, оны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Алайда сот оны амнистияға байланысты босатқан еді.

Қала прокурорының өтініші және жәбірленушілер тарапынан түскен шағымдар негізінде іс апелляция тәртібімен қайта қаралды.

Лагуновтың кінәсі кешенді дәлелдемелермен: оқиғаның куәгерлерінің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалар қорытындыларымен, бейнежазбамен және тергеу әрекеттері хаттамаларымен толық дәлелденді, – деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Апелляциялық сот Андрей Лагуновты Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар жәбірленушілерге 20 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндірілетін болды.

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы