Атырауда тұрғындар қала аумақтарының көріксіз жағдайына шағымданды. Шөп шабу мен тазалау жұмыстарына жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінгеніне қарамастан, қаланың көптеген ауданында қараусыз қалған учаскелер әлі де бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Instagram-дағы Budetgrom_ паблигінде жарияланған видео қызу талқыға себеп болды. Жарияланым астында қолданушылар өз бақылауларымен белсенді бөлісуде. Қала тұрғыны Олеся Вертинскаяның айтуынша, қазіргі жағдай атқарылған жұмыстардың сапасы мен оның бақылануына қатысты үлкен сұрақтар туғызады.
Біздің қаламызда жыл сайын аумақтарды шөптен тазартуға - тротуарларға, аулаларға, қоғамдық орындарға қомақты бюджет қаражаты бөлінеді. Құжат бойынша бәрі реттеліп, күтілген болуы керек. Бірақ шындық мүлдем басқа: көптеген жерде шөп шабылмаған, аумақтар қараусыз қалған, - делінген үндеуде.
Тұрғындар бөлінген қаржының қайда жұмсалғанына, жұмыстың орындалуын кім қадағалайтынына және қай мердігер ұйымдар қаржыландыру алғанына қызығушылық танытуда. Жарияланған видеода әйел адам мердігерлер мен жауапты тұлғаларға қатысты қатаң шара қолдануға шақырды.
Осы тендерді ұтып алған мердігерлерді жұмысты дұрыс атқармағаны үшін, сондай-ақ өткен жылғы жұмысты қабылдап алған басшыларды сотқа беріңіздер, - деді ол.
Басқа тұрғындардың пікірі
Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл сынды қолдап әкетті. Пікірлерде мұндай жағдай қаланың әртүрлі шағын аудандарында кездесетіні айтылған.
Әр шағын аудандағы тротуарлардың күйі осындай, кейде шөпті шабады да, сол жерге қалдырып кетеді, ешкім жинамайды, - деп жазды қолданушылардың бірі.
Басқалары тендер рәсімдерінің ашықтығына күмән келтірді.
Өтініш, біреу тендерді адал ұтып алды деп айтпай-ақ қойыңызшы. Бәрі бұның қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінеді, - дейді қолданушылардың бірі.
Тұрғындар жұмсалған бюджет ақшасының нақты нәтижесін көруге құқылы екенін айтып, тексеріс жүргізуді, атқарылған жұмыстар туралы есептерді жариялауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.
BAQ.KZ редакциясы Атырау қаласының әкімдігіне ресми сауал жолдады.