АҚШ жасыл карта беру ережелерін сыннан кейін жұмсартты

Билік қоғамда резонанс тудырған талаптарды қайта қарап, көші-қон рәсімдеріне өзгеріс енгізді.

 pexels.com Бүгiн 2026, 17:49
Бүгiн 2026, 17:49
211
Фото: pexels.com

АҚШ билігі грин-карта алуға үміткер шетел азаматтарына қатысты бұған дейін ұсынылған талаптарды жұмсартты. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің жаңа түсіндірмесіне сәйкес, жоғары білікті мамандар ел аумағынан шықпай-ақ тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеуін жалғастыра алады.

Бұған дейін талқыланған бастама бойынша, уақытша визамен жүрген шетелдіктердің басым бөлігі АҚШ-тан шығып, құжаттарын америкалық дипломатиялық өкілдіктер арқылы тапсыруы тиіс болған. Бұл иммигранттар арасында үлкен алаңдаушылық туғызып, көші-қон заңгерлеріне жүгінушілер саны күрт артқан.

Енді ведомство жаңа талаптардың білікті мамандарға қатысты қолданылмайтынын және олардың тұрақты резидент мәртебесін алуына кедергі келтірмеуі тиіс екенін нақтылады. Сонымен қатар кейбір санаттағы өтініш берушілер үшін рәсімдеу процесі әлі де АҚШ-тың шетелдегі елшіліктері мен консулдықтары арқылы жүргізілуі мүмкін.

Билік бұл өзгерістер АҚШ-тың тұрақты заңды резиденті мәртебесін иеленіп қойған адамдарға әсер етпейтінін де атап өтті.

Елде көші-қон саясатының қатаюы аясында заңсыз миграциямен күрес жалғасып жатыр. Америка билігінің мәліметінше, жүздеген мың адам депортацияланып, миллиондаған шетелдік АҚШ-тан өз еркімен кеткен. Сонымен бірге елге келетін мигранттар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайған.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа түсіндірмелер АҚШ-та мансап құрып, ұзақ мерзімге өмір сүруді жоспарлап жүрген мыңдаған шетелдік маман үшін белгісіздікті азайтуға көмектеседі.

Наверх