АҚШ-та 2028 жылғы президенттік сайлауға Республикалық партия атынан кандидат ұсынылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Fox News телеарнасына берген сұхбатында 2028 жылы өтетін президенттік сайлауда Республикалық партияның атынан вице-президент Джей Ди Вэнс кандидат болуы мүмкін екенін айтты.
Мен оның шынымен де бұл қадамға барғысы келетініне үміттенемін, – деді Рубио.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Джей Ди Вэнспен жақын дос екенін атап өтіп, қазіргі вице-президенттің өз қызметін тиімді атқарып жатқанын жеткізді.
Егер ол бұл шешімді қабылдаса, меніңше, Джей Ди Вэнс керемет үміткер болар еді, – деді Рубио.
Айта кетейік, биыл мамыр айында Дональд Трамп та Джей Ди Вэнсті "зерделі жігіт" деп атап, оны өз орнын басуға лайықты тұлға ретінде атаған болатын.
Бұған дейін Трамп үшінші рет сайлауға түсу мүмкіндігін жоққа шығармаған. Алайда ол бұл қадам демократиялық қағидаттарға қайшы болатынын да ескерткен еді. Кейіннен ол үшінші рет президенттікке кандидат болу жоспары жоғын ресми түрде мәлімдеген.