АҚШ Венесуэладан мұнай жеткізуді қайта бастайды, алайда оның экспортын толық бақылауда ұстайды. Бұл туралы АҚШ энергетика министрі Крис Райт 7 қаңтарда өткен энергетикалық конференцияда мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Министрдің мәлімдеуінше, сатудан түскен кіріс АҚШ үкіметінің бақылауындағы арнайы шоттарға түсіп, кейін Венесуэла экономикасын қалпына келтіруге жұмсалады. Алғашқы сатулар Венесуэла қоймаларындағы мұнайдан басталады, кейін өндірілген шикізат белгілі бір уақытқа дейін АҚШ арқылы өтеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Венесуэла АҚШ-қа санкцияланған 30–50 миллион баррель жоғары сапалы мұнай беретінін мәлімдеген. Оның айтуынша, мұнай нарықтық бағамен сатылады, ал түскен қаражат екі елдің халықтарының игілігіне бағытталады.
Министр Райт бұл шешімді Венесуэла мұнайын жеткізу блокадасын алып тастау және мұнай өңдеу зауыттарына тұрақты жеткізілім қамтамасыз ету үшін қабылдағанын айтты. Сонымен қатар, мұндай бақылау АҚШ Қаржы министрлігінің шоттарына қаражат салу арқылы Венесуэлаға қатысты кредиторлық тәуекелді төмендетуге мүмкіндік береді.
Американдық мұнай компаниялары – Chevron, ConocoPhillips, Exxon Mobil – Венесуэла мұнай өнеркәсібін қалпына келтіруге қатысуға шақырылды. Елдегі өндіріс төмендеп, қазіргі кезде тәулігіне 1 миллион баррельден аз, ал 1998 жылы Чавес билігі кезінде 3,4 миллион баррельді құраған.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-та және Венесуэлада мұнай компаниялары алдымен саяси тұрақтылықты бағамдайды. Осы хабарламадан кейін Brent мұнайы 1,3% төмендеп, барреліне 60 доллардан төмен түсті, ал WTI 2% арзандап, 56 доллар болды.