АҚШ Украинаға 15 жыл мерзімге қауіпсіздік кепілдіктерін беруі мүмкін, алайда Киев одан да ұзақ мерзімді қалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Axios басылымына берген сұхбатында айтқан.
Ақ үй басшысы Дональд Трамппен өтетін кезекті кездесуге екі күн қалғанда Владимир Зеленский өз еліне «ұзартылуы мүмкін» 15 жылдық қауіпсіздік кепілдіктерін ұсыну жөніндегі ұсыныс туралы мәлімдеді.
Бізге 15 жылдан да ұзақ мерзім қажет деп ойлаймын, - деп келтіреді Зеленскийдің сөзін Axios.
Ол алдағы кездесуде Трамптың бұл ұсыныспен келісуін «үлкен жетістік» деп санайтынын да айтты.
Зеленскийдің айтуынша, екі ел де қауіпсіздік кепілдіктерін өздерінің заң шығарушы органдарының ратификациясына ұсынады. Оның сөзінше, АҚШ пен Украина арасындағы екіжақты келісімдердің негізгі тұстары қазірдің өзінде келісіліп, бес құжатта бекітілген, ал алдағы уақытта алтыншы құжат қосылуы мүмкін.
Украина президенті сондай-ақ Еуропа елдерінің Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуын көздейтін бастаманы еске салды. Бұл үдерісте жетекші рөл Франция мен Ұлыбританияға берілген.
Басылымның жазуынша, Зеленский 28 желтоқсанда АҚШ президентімен өтетін келіссөздер барысында қақтығысты реттеу шарттарын келісуге үміттенеді. Сонымен қатар егер Ресей кемінде 60 күнге атысты тоқтатуға келіссе, Украина президенті «бейбітшілік жоспарының» ережелерін ел ішінде жалпыхалықтық дауысқа салуға дайын екенін білдірген.
Зеленскийдің айтуынша, бұл референдум өткізу үшін қажет ең төменгі мерзім, өйткені оның ұйымдастырылуы "саяси, логистикалық және қауіпсіздікке байланысты қиындықтармен" қатар жүреді.
Ол сондай-ақ қауіпсіздік кепілдіктері парламент толық ратификациялағаннан кейін немесе референдум арқылы мақұлданған соң ғана күшіне енетінін атап өтті.