АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған әскери операция аясында АҚШ-тың Венесуэла аумағына жасаған соққылары салдарынан кемінде 40 адам қаза тапты. Қаза болғандардың арасында әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар бар. Бұл туралы The New York Times басылымы дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлерді қосқанда кемінде 40 адам қаза тапты, - деді Венесуэланың жоғары лауазымды шенеунігі басылымға берген сұхбатында.
NYT дереккөзінің айтуынша, Вашингтон Венесуэланың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін істен шығару мақсатында 150-ден астам әскери ұшақты пайдаланған.
Венесуэлаға жасалған ауқымды соққы туралы ақпарат 3 қаңтарда белгілі болды. Дональд Трамп операцияның мақсаты Венесуэла басшысы Николас Мадуроны және оның жұбайы Силия Флоресті тұтқындау екенін мәлімдеді. Кейінірек олар Нью-Йоркке жеткізілгені хабарланды.