Қазақстанның соңғы жаңалықтары

АҚШ-тың сауда саясаты: Сарапшылар не дейді?

17 Сәуір 2025, 17:54
557
Бөлісу:

Жақында ғана Вашингтон өзге елдерге қатысты жаңа "реципрок" тарифтерді 90 күнге тоқтатты. Ал Қытайдан келетін кейбір электроника түрлеріне салынған 125% баж салығы да уақытша тоқтатылып, кейін қайта енгізілуі мүмкін екені айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл шешім Уолл-стритте оң реакция тудырды: S&P 500 индексі бір күнде 9,5%-ға, Nasdaq 12%-ға көтерілді. Алайда облигация нарығында кері үрдіс байқалды — АҚШ қазынашылық құнды қағаздарына деген сенім төмендеп, инвесторлар олардан жаппай құтыла бастады. Бұл АҚШ-тың қаржылық тұрақтылығы мен халықаралық міндеттемелерін орындай алатынына күмән тудырды, - деп жазды пәкістандық журналист-сарапшы Мұхаммад Замир Ассади.

Мұндай саяси құбылмалылық Америка экономикасының негізгі тірегін шайқалтуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, тарифтерді енгізу мен алып тастау ойындары АҚШ-тың саудадағы сенімді серіктес ретіндегі беделіне нұқсан келтіріп отыр.

Америка тек көлік немесе соя экспорттамайды, ол — өзінің долларын экспорттайды, — делінген мақалада.

Трамп әкімшілігінің әрекеттері "арзан сөз" ретінде бағаланып отыр. Яғни, нақты кепілдіксіз айтылған бопсалаулар, ал іс жүзінде тұрақты стратегияның болмауы. Бұл АҚШ-тың әлемдегі рөлін әлсіретіп, доллардың резервтік валюта ретіндегі орнын шайқалтатыны айтылды.

Бюджет тапшылығы да алаңдатарлық жағдайда. 2024 қаржы жылының алғашқы жеті айында АҚШ 514 миллиард долларды тек мемлекеттік қарыздың пайызын төлеуге жұмсады. Бұл — ұлттық қорғаныс пен медициналық сақтандыру шығындарынан да жоғары. Бұл жағдай одақтастарды да алаңдатып отыр. Мәселен, Канада АҚШ-тан импортталатын көліктерге кек қайтару тарифтерін енгізді, ал Жапония АҚШ қарыздарын енді саяси құрал емес, тек қаржылық тұрақтылық үшін ұстайтынын мәлімдеді.

Ішкі саяси жағдай да шиеленісіп тұр. Тарифтерден ең көп зардап шегетін — төмен және орта табысты америкалықтар. Сараптамаларға сүйенсек, олар табысының 2,7%-на дейінін жоғалтуы мүмкін, бұл "America First" ұранына қарама-қайшы нәтиже.

Уақытша тарифтермен жасалған маневрлер қысқа мерзімді пайда әкелгенімен, АҚШ-тың әлем алдындағы беделі мен қаржылық сенімділігіне ұзақ мерзімді залал келтіріп отыр. Егер Вашингтон нақты және тұрақты экономикалық стратегия ұсынбаса, болашақта доллардың үстемдігі ғана емес, бүкіл америкалық модель де дағдарысқа ұшырауы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы